KASE және Crystal Intelligence: цифрлық активтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум

KASE мен Crystal Intelligence білім беру, блокчейн-аналитика және қаржылық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл оқиға Биржа алаңында өткен “KASE және жеке сектор: реттелетін нарықтағы цифрлық активтер” атты Market Awareness Day іс-шарасының бағдарламасын ашты.
Ынтымақтастық аясында тараптар капитал нарығы, блокчейн технологиялары, кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша оқыту курстарын, вебинарлар мен шеберлік сабақтарын әзірлейді. Серіктестер KASE Академиясының модульдері мен Crystal Intelligence шешімдері негізінде практикалық оқу құралдарын, аналитикалық шолу мен оқу кейстерін дайындауды, сондай-ақ инвесторлар, эмитенттер және нарықтың кәсіби қатысушылары үшін ақпараттық-ағартушылық сессиялар өткізуді жоспарлап отыр.
Серіктестіктің алғашқы қадамы банктердің, брокерлердің және нарықтың басқа да қатысушыларының өкілдері бас қосқан Market Awareness Day воркшопы болды. KASE цифрлық активтерге арналған жаңа инфрақұрылымы туралы, атап айтқанда, құралдардың сауда-саттыққа қалай жіберілетінін және қатысушыларға қандай талаптар қойылатынын баяндады. Crystal Intelligence сарапшылары криптонарықтың ішкі құрылымын – банктер мен төлем жүйелерінен бастап биржаларға, әмияндар мен блокчейнге дейінгі жұмыс тетіктерін талдап, қалай нарықтағы айла-шарғы әрекеттерін анықтауға, контрагенттерді тексеруге және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жасауға болатынын түсіндірді.
Іс-шара Қазақстанда дәстүрлі қаржы нарығы мен цифрлық активтер нарығының алдағы уақытта қалай қатар дамитыны туралы пікірталаспен аяқталды.
Басқа іс-шаралар







