KASE капитал нарығын дамыту жөніндегі негізгі бастамаларды талқылауға қатысты

Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыру аясында өткен Қазақстанның капитал нарығын дамыту жөніндегі негізгі бастамаларды талқылауға арналған дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Oliver Wyman компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Сондай-ақ іс-шараға Қазақстан Ұлттық Банкінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, банктердің өкілдері, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, халықаралық консультанттар мен сарапшылар қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанның капитал нарығын дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде инвестициялық тартымдылығын арттыру, экономиканы қаржыландырудың нарықтық тетіктерін кеңейту, реттеуді жетілдіру жөніндегі бастамалар, нарықтық инфрақұрылымды дамыту және жаңа қаржы құралдарын енгізу мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстел мемлекет, нарық қатысушылары және халықаралық консультанттардың капитал нарығын дамытуды көздейтін жүйелі шешімдерді әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысының екінші кезеңі болды. 2026 жылғы мамырда өткен алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша 17 негізгі тақырыптық бағытқа біріктірілген 80-нен астам ұсыныс жүйелендірілді.
ҚНРДА консультанттармен бірлесіп нарыққа кешенді талдау жасап, 15-тен астам елдің халықаралық тәжірибесін зерделеді. Сондай-ақ қор нарықтарын дамыту, зейнетақы жүйелері, қаржылық реттеу, цифрлық активтер және туынды қаржы құралдары салаларындағы шетелдік сарапшылар тартылды. Нәтижесінде капитал нарығын дамытудың 8 басым бағыты бойынша топтастырылған 36 бастамадан тұратын ұсыныстар жиынтығы қалыптастырылды.
Басқа іс-шаралар















