KZ
11 сәуір 2026, 04:56
KZ
Кіру
Медиа орталық/
Іс-шаралар
Іс-шаралар тізіміне оралу

Эмитент – Kcell күні: желіге салынған инвестиция көрсеткіштердің өсуін қалай қамтамасыз етті

Қазақстан қор биржасы (KASE) алаңында "Кселл" АҚ қатысуымен Эмитент күні өтті, оның аясында компания басшылығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелері мен негізгі жетістіктерін көрсетті.

"Kселл" АҚ Басқарма төрағасы, бас атқарушы директоры Аскар Жамбакин 2025 жыл компания үшін ауқымды өсім мен инфрақұрылымды белсенді дамыту кезеңі болғанын атап өтті. Бүгінде компания клиенттеріне шамамен 3 000 дана 5G базалық станциясы қолжетімді.

"Біз айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, негізгі көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз еттік және соңғы жылдардағы 5G желісін салу мен олардың ауқымын кеңейтудің ең ірі циклдерінің бірін іске асырдық. Мұны абоненттеріміз де сезінді, өйткені байланыс сапасы айтарлықтай жақсарды", – деді Аскар Жамбакин.

Ол компания нарықтық қысымға қарамастан, тарифтерді арттырудан саналы түрде бас тартқанын және халық үшін қызметтердің қолжетімділігін сақтау мақсатында 2027 жылға дейін тұрақты бағамен тарифтік желіні іске қосқанын атап өтті. Оның айтуынша, 5G енгізумен қатар оператор 4G желілерін жаңғыртуға және "250+" бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтуды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде.

"Kселл" АҚ бас қаржы директоры Сабиғат Рахметов 2025 жылы инвестиция көлемі рекордтық болғанын және негізгі қаржылық көрсеткіштердің өсуімен қатар жүргенін айтты. Компанияның кірісі 262 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,6% өсті, таза пайда 38,9%-ға артып, 14,1 млрд теңгені құрады. EBITDA 15,7% өсіп, 106,6 млрд теңгеге жетті.

"2025 жыл біз үшін операциялық, қаржылық көрсеткіштер бойынша өсім жылы болды, сондай-ақ желіні дамытуға салынған инвестиция көлемі бойынша рекордтық кезеңге айналды", – деді ол.

Компания тұтынушылық мінез-құлықтағы өзгерістерге де назар аударады. Атап айтқанда, интернет-трафикті тұтыну шамамен 67% өсті, бұл цифрлық сервистерді пайдаланудың қарқынды артқанын көрсетеді.
Ұялы оператордың бас коммерциялық директоры Казбек Шаимов мобильді интернеттің рөлінің трансформациясына тоқталып, оның абоненттер үшін базалық қызметке және цифрлық сервистерге қол жеткізудің негізгі арнасына айналғанын атап өтті.

"5G абоненттері 4G пайдаланушыларымен салыстырғанда трафикті 2,5 еседен көп тұтынады және кірістің басым бөлігін әкеледі. Бұл ретте 5G құрылғыларының таралуының артуы мен желінің дамуы трафик пен табыстың одан әрі өсуі үшін елеулі әлеует қалыптастырады", – деді Казбек Шаимов.

Жалпы алғанда, компания желіні кеңейтуді, қамту аймағын ұлғайтуды және IoT, Big Data және девайстік бизнесті қоса алғанда, жаңа бағыттарды дамытуды жалғастырып келеді, бұл компанияның одан әрі өсуіне негіз қалыптастырады.

Соңғы іс-шаралар