Көшбасшылық өсім факторы болғанда: KASE алаңында әйелдердің рөлі туралы пікірталас өтті

Қазақстан қор биржасының (KASE) алаңында Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығымен серіктестікте «Болашақ экономикасындағы әйелдер көшбасшылығы» атты іскерлік пікірталас өтті. Іс-шара қаржы секторының, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының 60-тан астам өкілін біріктірді.
KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов әйелдер көшбасшылығы тақырыбы тең мүмкіндіктер күн тәртібінен әлдеқайда ауқымды екенін және экономикалық өсім сапасымен, қаржы жүйелерінің тұрақтылығымен, елдердің бәсекеге қабілеттілігімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Біздің кездесуіміз ерекше жағдайда өтіп отыр: биыл Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы құрылғанына 30 жыл толып отыр, бұл - ел экономикасындағы кәсіпкерлікті, көшбасшылықты және әйелдердің институционалдық қатысуын дамытуға қосылған маңызды үлес. Капитал нарығының негізгі инфрақұрылымы ретінде KASE үшін бұл мәселелердің практикалық маңызы зор. Біз өз рөлімізді тек нарықтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуде ғана емес, сонымен қатар неғұрлым тұрақты әрі инклюзивті экономикалық орта қалыптастыруда да көреміз», - деп атап өтті KASE басшысы.
Оның мәліметінше, 2026 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша KASE-де басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 58%-ды құрайды, бұл әйелдердің басқарушылық деңгейде белсенді қатысуын көрсетеді.
Global Summit of Women президенті Ирен Нативидад әйелдердің жаһандық экономикаға қосып отырған үлесі қазірдің өзінде елеулі екенін, алайда ресурстар мен көшбасшылық позицияларға қолжетімділіктің шектеулі болуына байланысты олардың әлеуеті толық іске аспай отырғанын айтты.
«Зерттеулер көрсеткендей, әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 40%-ы әйелдердің экономикалық белсенділігі арқылы қалыптасады. Егер еңбекақыға, қаржыландыруға және басшылық лауазымдарға тең қолжетімділік болса, бұл жай ғана үлес емес, жаһандық экономикадағы шешуші күшке айналар еді», - деп атап өтті Ирен Нативидад.
IFC ұйымының Country Officer-і Екатерина Бенджаминнің айтуынша, Қазақстандағы IFC бағдарламалары әйелдерді директорлар кеңесіне және басқарушылық құрылымдарға ілгерілетуге, сондай-ақ әсіресе ауылдық өңірлердегі ШОБ саласындағы әйелдер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
«Ауылдық өңірлерде әйелдер тек тұрақты бизнес құрып қана қоймай, қауымдастықтарды қалыптастырады, жергілікті нарықтарды дамытады, адамдарды қалалардан ауылдарға қайтарады. Соған қарамастан, ерлердің жұмыспен қамтылу деңгейі 89% болса, әйелдер бойынша тек 65–70%, ал табыс деңгейі төмен - орта есеппен ерлер табысының шамамен 70%-ы көлемінде болып қалып отыр. Сондықтан қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту - әйелдердің экономикаға толыққанды қатысуының негізгі факторы», — деп атап өтті Екатерина Бенджамин.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова да әйелдердің шағын және орта бизнестегі үлесі жоғары болғанымен, олардың өсу мүмкіндіктері қаржыландыруға жеткіліксіз қолжетімділік салдарынан айтарлықтай шектелетінін айтты.
«Еліміздегі барлық ШОБ кәсіпорындарының 48,1%-ын әйелдер басқарады. Алайда, алдын ала бағалаудың өзіне сүйенсек, олардың тек шамамен 28%-ы ғана несиеге қол жеткізе алады. Яғни, бұл жерде айырмашылық анық көрінеді. Егер әйелдер осындай қаржыландыруға ие болса, олардың ЖІӨ-ге қосатын үлесі әлдеқайда жоғары болар еді», - деді Елена Бахмутова.
Сондай-ақ ҚҚҚ басшысы 03 сәуірде Қазақстан Дүниежүзілік банк пен ЕҚДБ қолдауымен іске қосылған Әйел кәсіпкерлерді қаржыландыру кодексі атты жаһандық бастамаға қосылғанын атап өтті. Бұл бастама қазірдің өзінде 40 елде жүзеге асырылып жатыр және оған Қазақстанның бірқатар қаржы ұйымы, соның ішінде Halyk Bank пен басқа да институттар қосылды.
Оның айтуынша, бұл бастаманың маңыздылығы елдегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 48,1%-ын әйелдер басқаратынымен байланысты, бұл олардың қаржыландыруға қолжетімділігі мәселесін экономика үшін жүйелік маңызыды етеді.
Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова Қазақстанда әйелдердің мансап жолындағы негізгі шектеуші фактор ресми кедергілер емес, көбіне мәдени және менталдық ұстанымдар екенін айтты. Сонымен қатар қаржы секторы қазірдің өзінде тұрақты трансформацияны көрсетуде: әйелдер операциялық рөлдерден middle және top management деңгейіне, соның ішінде CEO және директорлар кеңесі мүшелері лауазымдарына белсенді түрде өтуде.
«Қаржы-банк секторында басшылық лауазымдардың 43%-дан 65%-ға дейінгі бөлігін әйелдер иеленіп отыр. 23 банктің шамамен 10-ын да әйелдер басқарады. Қаржы реттеушісінің, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басында да әйелдер тұр. Жақын уақытқа дейін KASE-ні де әйел басқарды. Сондықтан бұл салада қандай да бір “шыны төбе” бар деп айту қиын», - деп есептейді Үміт Шаяхметова.
KASE Клиринг орталығы (KACC) Басқарма төрағасы Наталья Хорошевская биржалық инфрақұрылым арқылы айқындыққа, тең жағдайларға және корпоративтік мәдениет сапасына қойылатын талаптар қалыптасатынын, ал бұл өз кезегінде мансаптық өсу мен көшбасшылықты дамыту мүмкіндіктеріне тікелей әсер ететінін айтты.
«Бүгінде корпоративтік басқару туралы айтқанда, біз компанияның жаңа қызметкерлерді онбордингтен өткізуіне, жұмысқа қабылдауына, білімге, біліктілікке және қызметкердің құндылығына қарай еңбекақы төлеуіне, сондай-ақ мансаптық өсу мен кәсіби әрі көшбасшылық қасиеттерді дамытуға тең жағдай жасау міндетін нақты бекітетін корпоративтік ережелер мен мәдениетті қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Дәл осы нәрсе тәжірибе жүзінде ілгерілеу мен мансаптық өсудің тең мүмкіндіктерін жасауға көмектеседі», - деп атап өтті Наталья Хорошевская.
«Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Қазақстанда әйелдердің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына белсенді қатысып, біртіндеп қаржылық және мүліктік тәуелсіздіктің негізін қалыптастырып жатқанын айтты.
«Қазір әйелдер - ЖІӨ өсімін, қаржы және қор нарығының дамуын айқындайтын экономикалық агенттердің үлкен тобы. Біздің банк бойынша әйелдердің шамамен 2 миллион шот ашқанын көріп отырмыз. Ал депозиттік портфельдің 58%-ы - қаржылық тұрғыдан дербес әрі стратегиялық ойлайтын әйелдер. Олар жоспарлай біледі, жинақтайды және ұзақмерзімді шешімдер қабылдайды, дәл осы қасиеттер оларды Қазақстанның болашақ экономикалық өсімінің маңызды факторына айналдырады», - деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.
«Айта кету керек, біздің “Наурыз” деп аталатын жаңа тұрғын үй бағдарламамыз соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі болмаған, сондай-ақ 35 жасқа дейінгі, некеде тұрған және балалары бар қатысушыларға қосымша балл беру сияқты бірқатар шартты қарастырады. Осы бағдарламаға қатысушылардың шамамен 70%-ын әйелдер құрайды және өтінімдерді де ең белсенді түрде солар береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 16 000 өтінімнің 8 211-ін әйелдер тапсырды», - деп қосты Ләззат Ибрагимова.
PT InfinitiBerkan Energy компаниясының тең серіктесі және бас операциялық директоры Ринавати Прихатинингсих әйелдер көшбасшылығын қолдау мен қыздардың білім алуына жағдай жасау болашақтағы инклюзивті әрі тұрақты экономикалық өсімнің негізін қалыптастыратынын айтты.
«Біз кадрлық резерв қалыптастырып, қыздардың білім алуын қолдаймыз және қыздарымыз бен әпке-сіңлілеріміз болашақ көшбасшылықтың бір бөлігі болуға тиіс деп сенеміз. Тағы бір маңызды дағды - ынтымақтастық. Тұрақсыздық жағдайында бірге жұмыс істей білу қабілеті ерекше құнды. Бұл жерде ер азаматтардың да қатысып отырғанына қуаныштымын - олардың біздің сын-қатерлеріміз бен мүмкіндіктерімізді естуі маңызды. Тек серіктестік арқылы ғана тұрақты нәтижелерге қол жеткізіп, инклюзивті өсуді қамтамасыз етуге болады», - деп атап өтті Ринавати Прихатинингсих.
Іс-шара әйелдердің экономика мен қаржы секторындағы рөлін жүйелі түрде кеңейтудің тұрақты өсу мен дамудың маңызды факторы екенін көрсетті. Пікірталас соңында әйелдер көшбасшылығын қолдау мақсатында дәстүрлі қоңырау соғу рәсімі өтті.