KASE индекстеріне негізделген алғашқы ETF-тердің іске қосылуы инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты

Қазақстан қор биржасы (KASE) алаңында елдегі алғашқы KASE индекстеріне негізделген биржалық инвестициялық қорлардың (ETF) пайларымен сауда-саттықты ашу салтанатты рәсімі өтті. Қазақстандағы алғашқы KASE индексіне негізделген екі ETF қоры 2025 жылдың соңында BCC Invest компаниясымен бірлесіп құрылып, тіркелген.
«KASE Индексі» қоры қор нарығындағы ең өтімді акциялардан тұратын KASE индексінің құрылымын көрсетеді. Бұл қорға инвестициялау инвесторларға KASE-дегі үздік эмитенттердің портфеліне қол жеткізіп, олардың өсу динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді.
MBM Index KASE қоры MBM_index KASE индексінің құрамын қайталайды: қор активтерінің 75%-ы ортамерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарға, ал 25%-ы ақша нарығы құралдарына инвестицияланады.
«Нарықтың дамуы туралы айтқанда, өтімділік, инфрақұрылым, өнім желісі сияқты абстрактілі ұғымдарға жиі тоқталамыз. Алайда олардың артында әрдайым нақты адам — брокерлік қосымшаны алғаш рет ашып, неден бастау керегін түсінуге тырысатын инвестор тұрады. Ұзақ уақыт бойы бұл сұрақтың жауабы күрделі болды. Ал KASE индекстеріне негізделген алғашқы ETF-тердің пайда болуымен бұл жол әлдеқайда жеңілдей түсті: өз еліңнің индексінен бастауға болады. Бүгінгі іске қосудың негізгі мәні де осында», - деп атап өтті KASE Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Ысқақова.
Іс-шара аясында KASE Басқарма төрағасының орынбасары Михаил Гришко және BCC Invest Басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Уразаков қатысуымен Public Talk өтті. Онда ETF нарығының дамуы мен Қазақстандағы инвестициялау перспективалары талқыланды.
Әлібек Уразаковтың айтуынша, әлемде ETF құралдарының танымалдығы жыл сайын артып келеді. KASE индекстеріне негізделген алғашқы ETF-терді іске қосу — Биржа мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесі.
«Соңғы уақытта Қазақстанның қор нарығы қарқынды дамып келеді. Жаңа құралдар пайда болуда, инвесторлар қызығушылығы артып, инвестициялық мәдениет қалыптасып жатыр. Біз KASE индекстеріне негізделген ETF-тердің іске қосылуы осы өсімнің қосымша драйверіне айналып, инвесторларға әртараптандырылған стратегияларға қарапайым әрі ашық қолжетімділік береді деп сенеміз», — деп атап өтті Әлібек Уразаков.
BCC Invest бағалауы бойынша, жаңа құралды іске қосу ETF құрамына кіретін акциялар бойынша өтімділіктің артуына ықпал етеді. Сондай-ақ компания қор активтерінің алғашқы жыл ішінде айтарлықтай өсетінін күтуде.