BASS Gold KASE-де облигациялар шығаруға, фабрика салуға және кенді ЖИ көмегімен сұрыптауды енгізуге дайындалуда

2025 жылдың қорытындысы бойынша "BASS Gold" ЖШС-ның таза кірісі 2,9 млрд теңгені құрады (бір жыл бұрын компания шығынға ұшыраған), ал түсім 4 есе өсіп, 13,2 млрд теңгеге жетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында компанияның EBITDA көрсеткіші 3,2 млрд теңгеге жетті (рентабельділік - 58%). BASS Gold акционері Чингиз Садвакасов "KASE эмитент күнінде" негізгі көрсеткіштер мен даму стратегиясы туралы айтып берді.
Басты басымдық өңдеу көлемін ұлғайту болмақ - жылына 350 мың тонна кен өңдейтін фабриканы іске қосу және ЖИ көмегімен сұрыптауды енгізу. Толық циклге көшу жылына "Доре" қорытпасындағы 500 кг-ға дейін алтын өндіруге, шикі концентратты сатудан бас тартуға және логистикалық шығысты жоюға мүмкіндік береді.
Cондай-ақ кездесуде Ұлытау облысындағы Алашпай полиметалл кен орнын игеру мәселесі талқыланды. Онда кеншілер аршу жұмыстары мен алаңды жайластыруға кірісті. Лицензиялық аумақтағы қор 270 мың тоннадан астам қорғасынды құрайды, сондай-ақ кемінде 200 тонна күмісті балансқа қою жөніндегі жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.
Қор нарығында BASS Gold өз міндеттемесін уақытылы орындап келеді. Доллармен номинацияланған 13 облигация шығарылымының бесеуі өтелді, ал инвесторлар тарапынан сұраныстың жоғары болуына байланысты компания теңгемен номинацияланған бағалы қағаздардың алғашқы эмиссиясына дайындалып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, "Эмитент күні" - компания басшылығы инвесторлар мен БАҚ өкілдеріне өз нәтижелері мен даму стратегияларын тікелей таныстыратын Биржаның негізгі жобаларының бірі.
Басқа іс-шаралар







