KASE және Solana Foundation ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

KASE делегациясы 11–13 желтоқсан аралығында Абу-Дабиде өтіп жатқан Solana Breakpoint 2025 халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шара аясында 12 желтоқсанда KASE мен Solana Foundation арасында блокчейн және цифрлық қаржы саласындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл Меморандум блокчейн және цифрлық қаржы саласындағы серіктестік пен бірлескен бастамаларға жол ашады. Тараптар блокчейн шешімдерін интеграциялау, нақты активтерді токендеу, Solana базасында стейблкоиндер мен өзге де цифрлық өнімдерді шығару, сондай-ақ цифрлық трансформация жобаларын қолдау бағытында ынтымақтасуды жоспарлап отыр.
"KASE үшін Solana Foundation-мен серіктестік озық технологиялық және бизнес-шешімдерді енгізуге, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдік инвесторларға арналған сервистерді кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады", – деді KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
"Меморандумға қол қою - Қазақстандағы бастамаларымызды дамытудағы маңызды қадам. Ол теңгемен стейблкоин шығару, нақты активтерді токендеу және өзге де цифрлық қаржы құралдарын дамыту жобаларын қамтиды", – деп атап өтті Solana Foundation президенті Лили Лю.