Қазақстан қор биржасы мен KASE Клиринг орталығының 2025 жыл және IV тоқсан қорытындысы бойынша баспасөз брифингі

2026 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан қор биржасы (KASE) алаңында KASE тобының IV тоқсан мен 2025 жылдың қорытындысы бойынша баспасөз брифингі өтті. Қазақстан қор биржасының Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов пен “KASE Клиринг орталығы” АҚ Басқарма төрағасы Наталья Хорошевская биржалық топтың көрсетілген кезеңдегі қызметінің нәтижелерін ұсынды.
Төмендегілер атап өтілді:
2025 жылы KASE-де жасалған сауд-саттықтың жиынтық көлемі 400,8 трлн теңге болып, 2024 жылмен салыстырғанда 3,0% немесе 11,7 трлн теңгеге өсті;
2025 жылдың қорытындысы бойынша KASE индексінің мәні 26,1% артып, 7 031,32 пунктке жетті;
акциялар нарығының капитализациясы жыл ішінде 18,7% өсіп, 39 трлн теңгеге жетті;
KASE-де сауда-саттық жасалатын корпоративтік қарыз көлемі 18,5% ұлғайып, 16,2 трлн теңгеге жетті;
2025 жылы 41 жаңа эмитенттің бағалы қағаздары, оның 1-еуі акциялар секторында, 40-ы корпоративтік облигациялар секторында листинг рәсімінен өтті;
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 280 эмитенттің 939 атаудағы мемлекеттік емес бағалы қағаздары болды.
Биржалық нарықтың динамикасы мен негізгі үрдістері туралы ақпаратпен бірге Әділ Мұхамеджанов KASE-нің Қазақстанның қаржы нарығындағы негізгі инфрақұрылымдық алаң ретіндегі рөлін нығайтуға, сондай-ақ инвесторлармен, реттеушілермен және нарықтың кәсіби қатысушыларымен халықаралық диалогты дамытуға ықпал еткен өткізілген жергілікті және халықаралық іс-шаралар туралы айтты.
Сондай-ақ ол KASE Академиясының рөлін ерекше атап өтті. Академия аясында қор нарығы құралдарына тұрақты қызығушылық қалыптастыруға, қаржылық сауаттылықты және инвестициялық мәдениетті арттыруға бағытталған білім беру жобалары жүзеге асырылуда.
Наталья Хорошевская KACC қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштермен және жетістіктермен бөлісті. KASE Клиринг орталығының басшысы пайыздық мөлшерлемелер мен ақша нарығының динамикасы, инвесторлар белсенділігінің өскені, сондай-ақ шоттар мен мәмілелер санының артқаны, оның ішінде орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер туралы баяндады.
KASE тобының сауда-саттық, пост-трейдинг және технологиялық инфрақұрылымын дамытуға, жаңа IT-шешімдерді енгізуге, нарықтық деректерге мониторинг жүргізуге және өңдеу жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ операциялық тұрақтылықты арттыруға ерекше назар аударылды.