Kazakhstan Capital Markets Day 2025 Лондонда

KASE Лондонда Kazakhstan Capital Markets Day 2025 өткізді
2025 жылдың 05 қарашасында "Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп Лондондағы Bloomberg алаңында Kazakhstan Capital Markets Day 2025 өткізді.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, қаржы реттеушілері, банктер мен халықаралық инвестициялық компаниялардың өкілдері қатысты. Панельдік сессияларда Қазақстан макроэкономикасының ағымдағы жай-күйі, монетарлық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы шеңберіндегі IPO перспективалары, қаржы секторын жаңғырту және заманауи ESG-құралдарын енгізу талқыланды.
Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов құрылымдық реформалардың нәтижелері, фискалдық тәртіпті арттыру және Қазақстанның прогрессивті ақша-кредит саясатын іске асыру туралы айтты. Ол цифрлық теңгені енгізуге, ашық банкинг пен API арқылы төлемдерді дамытуға, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыруға және финтехті ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамаларға көп көңіл бөлді.
KASE Басқармасының Төрағасы Әділ Мұхамеджанов іс шараның маңыздылығын атап өтті:
"Kazakhstan Capital Markets Day – бұл Қазақстан мен халықаралық инвестициялық қоғамдастық арасындағы сенімді нығайтуға жасалған маңызды қадам. Біз ынтымақтастық үшін ашықпыз және қазақстандық капитал нарығының жаһандық қаржы жүйесіне өсу мен ықпалдасу үшін елеулі әлеуеті бар екеніне сенімдіміз".
Ол сондай-ақ өтімділіктің тұрақты өсуін және инвесторлардың KASE Global құралдарына қызығушылығын атап өтіп, Қазақстанның қор нарығының негізгі үрдістеріне шолу жасады. Бүгінгі таңда KASE ресми тізімінде шетелдік компаниялардың 47 акциясы мен 19 ETF бар.
Маңызды нәтиже 2025 жылы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы белсенділіктің өсуі: 10 айда қайталама мәмілелердің жиынтық көлемі 3,1 трлн теңгені құрады. 2025 жылдың 10 айында KASE Индексі 27,8 %-ға 7 131,47 тармаққа дейін өсті, бұл инвесторлардың қазақстандық бағалы қағаздар нарығына тұрақты серпіні мен тұрақты қызығушылығын көрсетеді.