Шымкенттің ШОБ субъектілері KASE-де инвестиция тарту құралдарын зерделеді

Бизнесті дамытуға қаражатты тек несие арқылы ғана емес, қор нарығында да тартуға болады. Астана, Қарағанды және Ақтөбедегі кездесулерден кейін бұл талқылау Шымкентте - KASE, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және "ДАМУ" қорының бірлескен семинарында жалғасты.
Биржалық құралдарға қызығушылық артып келеді: 2026 жылдың тоғыз айында KASE бағалы қағаздар нарығындағы сауда-саттық көлемі 14,9 трлн теңгеге жетті, оның ішінде акциялар секторында - 292,0 млрд теңге. Компаниялар үшін Биржа капитал көзі ғана емес, бизнестің жариялылығы мен оған деген сенімді арттыру тәсіліне де айналып келеді.
Семинарда компанияның KASE-ге шығуының барлық кезеңі - құжаттарды дайындау мен шығарылымды тіркеуден бастап, листингке, орналастыруға және ақпаратты ашып көрсетуге дейін - талқыланды.
Нақты сектордағы тұрақты ақша ағыны бар ШОБ субъектілеріне арналған KASE SME Qadam Bonds бағдарламасына ерекше назар аударылды. Бағдарлама 50 млн теңгеден басталатын өтініммен үш жылға дейінгі мерзімге теңгемен қаржыландыру тартуға мүмкіндік береді. Жекеменшік орналастыру алаңындағы листинг жеті күнге дейін созылады, бағалы қағаздар 50-ден аспайтын білікті инвесторлар арасында орналастырылады, ал орналастыру және айналыс үшін комиссиялық төлем алынбайды.
Спикерлер, сондай-ақ, 2026 жылғы орналастыру кейстерін және жасыл әрі әлеуметтік қаржыландыру құралдарын таныстырды. 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін KASE-дегі ESG-облигациялар эмитенттері үшін листинг алымдары бойынша жеңілдіктер қолданылады. Бұл ретте жасыл және әлеуметтік жобалар верификатордың сыртқы бағалауынан өтіп, қаражаттың мақсатты пайдаланылуы бақыланады.
Тәжірибелерімен серіктестер де бөлісті. ЕҚДБ өкілі Қазақстандағы капитал нарығының дамуы туралы айтып берсе, "ДАМУ" қоры кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы құралдарын таныстырды.
Басқа іс-шаралар







