KASE 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысын шығарды

15 қазан күні өткен баспасөз брифингінде Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов пен "KASE Клиринг орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Наталья Хорошевская Биржа тобының 2025 жылдың үшінші тоқсаны мен тоғыз айындағы қызметінің нәтижесін ұсынды. Аталған кезеңнің қорытындысы бойынша келесі көрсеткіштер тіркелді:
Биржадағы жалпы сауда-саттық айналымы 278 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35% артты.
KASE индексі 28,2% өсіп, тоқсанды 7 149 пункт деңгейінде аяқтады.
Акция нарығының капитализациясы 22,3% өсіп, 40,2 трлн теңгеге жетті.
2025 жылдың тоғыз айында KASE Global секторындағы сауда-саттық көлемі 3,7 есе өсіп, 95,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 69,4 млрд теңгеге артық.
Биржа нарығындағы динамика мен негізгі үрдістер туралы ақпаратпен қатар, Әділ Мұхамеджанов ESG-бастамалар мен KASE Академиясының білім беру жобалары туралы айтты. Биржа эмитенттер мен инвесторларға арналған Ring the Bell және басқа да халықаралық тәжірибе алмасуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
Наталья Хорошевская алдын ала депозитсіз есеп айырысу тетіктерінің енгізілгенін атап өтті. Бұл жаңалықтар халықаралық стандарттарға сай келеді, нарықтың өтімділігін арттырып, алаңды шетелдік инвесторлар үшін тартымды етеді және оны жаһандық нарықтармен интеграциялауға ықпал етеді.
Н. Хорошевская KASE Клиринг орталығының маңызды қадамы ретінде бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензия алғанын атап өтті. Бұл лицензия орталықтың негізгі функцияларын тиімдірек орындауына және көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар KASE Клиринг орталығына «Тұрақты» деген болжаммен BBB- ұзақмерзімді кредиттік рейтингі берілгенін хабарлады.
KASE Орталық Азиядағы инвестиция тарту және инновация орталығы ретінде өз позициясын нықтап, нарыққа қатысушылар мен халықаралық серіктестердің сенімін растай отырып, өңірдің жетекші биржалық алаңы мәртебесін сақтап келеді.