KZ
12 наурыз 2026, 15:46
KZ
Кіру
Медиа орталық/
Іс-шаралар
Іс-шаралар тізіміне оралу

KASE Ring the Bell рәсімінде стартаптардың негізін қалаушы әйелдерге қолдау көрсетті

Қазақстан қор биржасы (KASE) және TECHNOWOMEN коммерциялық емес ұйымы Ring the Bell for Gender Equality & Her Venture 2026 іс-шарасын өткізді.

Панельдік сессияларда венчурлік экожүйені дамыту, стартаптардың капиталға қол жеткізуі, сондай-ақ қарқынды өсіп келе жатқан компаниялардың жария нарықтарға шығу мүмкіндіктері талқыланды. Қатысушылар идеяның пайда болуы мен венчурлік қаржыландыру тартудан бастап бизнес ауқымын кеңейтуге және капитал нарығына шығуға дейін стартаптардың толыққанды өсу траекториясын қалыптастыру мәселесін қарастырды.
KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, Биржа қаржы нарығының инфрақұрылымы ретінде ғана маңызды рөл атқармайды, ол – диалог жүргізу мен инновациялық кәсіпкерлікті қолдауға арналған маңызды алаң.
"Қарқынды өсіп келе жатқан компаниялар үшін венчурлік қаржыландырудан бастап қор нарығының мүмкіндіктеріне дейін барлық капитал көзіне қол жеткізу маңызды. Ал бұл процестерге әйелдердің қатысуы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі", – деп атап өтті KASE басшысы.


"Әйелдер стартаптары: идеядан масштабтауға дейінгі жол" атты екінші пікірталас барысында қатысушылар бизнесті дамытудың алғашқы жылдарында жіберілген негізгі қателіктер мен алынған сабақтар туралы ой бөлісті. Спикерлер стартаптың табысты дамуының басты факторларының бірі құрылтайшының өз идеясына сенімі және белгісіздік жағдайында шешім қабылдауға дайын болуы екенін атап өтті.
"Өз бизнесін бастаған әйелдердің көпшілігі өз жобаларын төмен бағалап, күмән салдарынан ауқымдауды кейінге қалдырады. Алайда стартап әрекет арқылы дамиды – идеяларды байқап көру, командамен жұмыс істеу және өсу мүмкіндіктерін іздеу арқылы", – деді сериялық кәсіпкер, TECHNOWOMEN КЕҰ Басқарма мүшесі Алина Абдрахманова.


Бағдарламаның шарықтау шегі – Ring the Bell for Gender Equality сауда-саттығын ашудың дәстүрлі гонг соғу рәсімі болды. Бұл рәсім БҰҰ-ның "Тұрақты қор биржалары" жаһандық бастамасы аясында өтті, ал KASE осы бастамаға 2015 жылдан бері қатысып келеді.
Іс-шара соңында Her Venture жобасы финалистерінің питчингі өтіп, қатысушылар өз стартаптарын сарапшылар алқасына таныстырды. Әділ Мұхамеджанов ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қыз-келіншектерді құттықтап, межеге жеткен барлық қатысушыға жобаларын жүзеге асыруда табыс тіледі.