KASE-де Ring the Bell for Financial Literacy ашылу салтанаты өтті

2025 жылғы 6 қазанда Қазақстан қор биржасында (KASE) Ring the Bell for Financial Literacy салтанатты рәсімі өтті, ол Қаржылық сауаттылық апталығына (Financial Literacy Week) ресми түрде бастау болды. Бұл жоба — Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) World Investor Week 2025 атты жаһандық бастамасын қолдау мақсатында өткізіліп отыр және әлемнің қаржы ұйымдарының, соның ішінде түрлі елдердің биржаларының басын қосты.
Апта бойы KASE Академиясы Fingramota.kz жобасымен бірлесіп онлайн-вебинарлар сериясын өткізеді. Онда сарапшылар инвестиция, қор нарығы құралдары және жеке қаржыны басқару туралы практикалық білімдерін бөліседі.
Ашылу салтанатында KASE басқарма төрағасының орынбасары Жайнар Саржақов биржа үшін бұл жаһандық бастамаға қатысу халықаралық дәстүрлерді қолдаумен қатар қазақстандықтардың инвестициялық мәдениетін арттыруға нақты үлес қосу екенін атап өтті.
«Қаржылық сауаттылық бүгінде тек базалық құралдар туралы түсінік емес. Бұл — еліміздің тұрақты болашағының, кибергигиенасының және бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Сондықтан KASE қаржы нарықтары, инвестиция және жеке бюджетті дұрыс басқару саласындағы білімді дамытуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді», – деді ол.
Гонг соғу құрметі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьевке берілді. Ол қаржы жүйесінің орнықты дамуы білім беруді, қызметтердің қолжетімділігін және азаматтардың мүдделерін қорғауды қамтитынын кешенді тәсілсіз іске аспайтынын атап өтті.
«Агенттік инвесторлардың құқығын қорғауды күшейтіп, оларды дайындық деңгейіне қарай жіктеу және брокерлер мен ұйымдардың жауапкершілігін нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде инвестициялық өнімдер туралы білім басқа қаржылық құралдарды пайдалану дағдыларындай маңызды. Соңғы 5 жылда инвестициялық шоттар саны 12 есе артты. Тек нарық, биржа және реттеуші бірігіп, жаңа инвесторларды оқытып, олардың мүддесін қорғай аламыз. Өткен жылы біз Үкімет деңгейінде бекітілген Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын сәтті аяқтадық. Қазіргі уақытта сарапшылар қауымдастығымен және нарыққа қатысушылармен бірге жаңа стратегиялық құжат әзірленіп жатыр», – деді Александр Терентьев.
Қаржылық сауаттылық апталығы аясындағы алғашқы вебинарды KASE Клиенттермен өзара іс-қимыл офисі директорының орынбасары Нұркен Болатбек ашты. Ол биржаның тарихы, функциялары мен капитал нарығын дамытудағы рөлі туралы баяндап, былай деді:
«Биржа — бұл инвесторлар мен эмитенттер кездесетін алаң. Біздің мақсатымыз – қор нарығын барынша ашық әрі қолжетімді ету».