"ҚазТрансОйл" АҚ "Атасу-Алашанькоу" магистральдық мұнай құбыры SCADA жүйесінің интеграциясын аяқтады
/KASE, 06.11.26/ – "ҚазТрансОйл" АҚ (KASE тикері – KZTO) былай деп хабарлады:
дәйексөздің басы
"ҚазТрансОйл" АҚ "Қазақстан-Қытай Құбыры" ЖШС "Атасу – Алашанькоу" магистральдық мұнай құбырының SCADA жүйесін "ҚазТрансОйл" АҚ-ның диспетчерлік бақылау және басқару жүйесімен интеграциялауды аяқтады. Бұл – "ҚазТрансОйл" АҚның және еншілес әрі бірлесіп бақыланатын ұйымдарының магистральдық мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдауды жедел басқарудың бірыңғай орталығын қалыптастыру жөніндегі жұмыстың қорытынды кезеңі.
"Диспетчерлік басқарудың бірыңғай орталығын қалыптастыру 2003 жылы басталды. Компания мұнай тасымалдауды жедел басқарудың төрт деңгейлі жүйесінен екі деңгейлі жүйесіне екі кезеңмен көшті. 2009 жылы технологиялық объектілерді Павлодар және Атырау қалаларындағы орталық диспетчерлік пункттер (ОДП) деңгейінен басқару жолға қойылды. Бұл ретте өңірлік диспетчерлік пункт (ӨДП) таратылып, Бас диспетчерлік басқармаға (БДБ) жалпы бақылау функциялары берілді. 2017 жылы технологиялық объектілерді тікелей жедел басқару Астанадағы БДБ деңгейіне беріліп, ОДП жедел басқару құрылымынан шығарылды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша магистральдық мұнай құбырларының объектілерін диспетчерлік басқарудың бірыңғай жүйесіне біріктірген жеті технологиялық учаске қалыптастырылды. Екі деңгейлі басқару жүйесіне көшу шешім қабылдау жеделдігін арттырып, диспетчерлік басқарудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік берді", – деп атап өтті "ҚазТрансОйл" АҚның "Мұнай тасымалдауды басқару орталығы" филиалының директоры Данияр Тасыбаев.
дәйексөздің соңы
Қазақ тіліндегі баспасөз мәлімдемесінің толық нұсқасы – толығырақ
Орыс тіліндегі баспасөз мәлімдемесінің толық нұсқасы – толығырақ
Ағылшын тіліндегі баспасөз мәлімдемесінің толық нұсқасы – толығырақ
[2026-11-06]