KZ
RU
EN
31 шілде 2026, 21:55
KZ
RU
EN
Кіру

KASE Басқарма Төрағасының хаты

Мұхамеджанов Әділ
Мұхамеджанов ӘділKASE Басқарма Төрағасы
Орнықты дамуды басқару – KASE тобының даму стратегиясын іске асырудың ажырамас бөлігі және оның миссиясы мен ұзақмерзімді мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Орнықты даму қағидаттары стратегиялық жоспарлауға, корпоративтік басқаруға, тәуекел-менеджментке, персоналды басқаруға және Топ қызметінің негізгі процестеріне жүйелі түрде интеграцияланған.

2025 жыл біз үшін маңызды ішкі трансформация кезеңі болды. Біз жаңартылған команданы қалыптастыра отырып, ESG бағытын дәйекті түрде дамытуымызды жалғастырдық. Біз үшін даму деңгейін айқындап, келесі қадамдарды жоспарлау және нәтижелерді қойылған мақсаттармен салыстыра отырып, жүйелі ілгерілеу ерекше маңызды. Мұндай тәсіл айқындықты арттырып, сенімді нығайтады және өзгермелі ортаға икемді бейімделуге мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңдегі басты міндетіміз – KASE айналасында ESG бағытына қызығушылық танытатын кәсіби қауымдастық қалыптастыру. Биржа стандарттарды айқындау, нарық мәдениетін дамыту және орнықты қаржы құралдарын ілгерілету бағытында инфрақұрылымдық әрі әдіснамалық рөл атқарады. Біз ESG қағидаттарын инвестициялық тартымдылықты арттырудың, тәуекелдерді басқарудың және бизнестің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді құралы ретінде қарастырамыз.

Қызметкерлердің кәсіби дамуы – біздің тұрақты өсуіміздің негізі. KASE Академиясы ішкі және нарықтық деңгейде құзыреттерді дамытуға жүйелі тәсіл қалыптастырды, соның ішінде ESG және климаттық тәуекелдер саласындағы білімді тереңдетуге бағытталған бағдарламалар іске асырылуда. Персоналды басқару саясаты тең мүмкіндіктер, кемсітпеушілік және кәсіби даму қағидаттарына негізделген.

Басқарудың барлық деңгейінде гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету жалғасуда: орта буындағы басқарушы лауазымдардың 50%-ын әйелдер иеленеді, Басқарма құрамында – 40%, ал Директорлар кеңесінде – 18%.

Біз мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және халықаралық ұйымдармен серіктестікті күшейте отырып, тұрақты қаржының әдіснамалық және реттеушілік базасын дамытуға үлес қосып келеміз.

KASE UN Sustainable Stock Exchanges Initiative бастамасына, Net Zero Financial Service Providers Alliance альянсына, сондай-ақ World Federation of Exchanges және Federation of Euro-Asian Capital Markets ұйымдарының бейінді жұмыс топтарына қатысады.

Бұл жол әрдайым оңай бола бермейді. Дегенмен біз ұзақмерзімді құндылыққа және Қазақстанның қаржы нарығы экожүйесінің орнықты дамуына бағдарланған Биржаны қалыптастыруды жалғастырып отырмыз.