01 СӘУІРДЕН БАСТАП KASE ҚОР НАРЫҒЫНЫҢ ЖАҢА ИНДЕКСТЕРІН ЕСЕПТЕУДІ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАУДЫ БАСТАЙДЫ
/KASE, 31.03.26/ – 2026 жылдың 01 сәуірінен бастап Қазақстан қор биржасы (KASE) қор нарығының мынадай индекстерін есептеуді және жариялауды бастайды:
1) халықаралық рейтингтік агенттіктер берген BBB- деңгейіненен төмен емес кредиттік рейтингі бар, теңгемен номинацияланған корпоративтік облигациялар нарығының индекстері (KASE_KZ3BUP* сериясының индекстері):
- KASE_KZ3_CP – жинақталған және төленбеген купондық сыйақыны есепке алмағанда бағалар бойынша есептелетін облигациялардың "таза" бағаларының индексі;
- KASE_KZ3_TR – есептелген купондық сыйақыны және қайта инвестицияланған купондық төлемді ескере отырып, бағалар бойынша есептелетін облигациялардың жиынтық табысының индексі;
- KASE_KZ3_Y – кірістілік индикаторы, жылдық пайызбен;
- KASE_KZ3_DUR – индекстің дюрациясы, жылдармен;
2) халықаралық рейтингтік агенттіктер берген BBB- деңгейінен төмен емес кредиттік рейтингі бар, АҚШ долларымен номиналданған корпоративтік облигациялар нарығының индекстері (KASE_US3BUP* сериясының индекстері):
- KASE_US3_CP – жинақталған және төленбеген купондық сыйақыны есепке алмағандағы бағалар бойынша есептелетін облигациялардың "таза" бағаларының индексі;
- KASE_US3_TR – есептелген купондық сыйақыны және қайта инвестицияланған купондық төлемді ескере отырып, бағалар бойынша есептелетін облигациялардың жиынтық табысының индексі;
- KASE_US3_Y – кірістілік индикаторы, жылдық пайызбен;
- KASE_US3_DUR – индекстің дюрациясы, жылдармен.
Аталған индекстерді есептеуді іске қосу жоғары кредиттік рейтингі бар корпоративтік облигациялар нарығына қызығушылықты қолдауға және дамытуға бағытталған.
KASE_KZ3BUP* және KASE_US3BUP* серияларының индекстерін есептеу формулалары борыштық құралдар үшін стандартты тәсілді қолдана отырып, KASE корпоративтік облигацияларының индекстерін есептеудің қолданыстағы әдіснамасына негізделген. Индекстер мен индикаторларды есептеу үшін облигациялардың бағасы ретінде сауда-саттық жүйесінде жасалған мәмілелер бойынша бір облигацияның орташа сараланған бағасы пайдаланылады. Облигациялармен жасалған мәмілелер болмаған жағдайда облигацияларды сатып алуға арналған өтінімдердің максималды бағасы мен оларды сатуға өтінімдердің минималды бағасы арасындағы орташа арифметикалық шама пайдаланылатын болады.
KASE_KZ3_CP және KASE_US3_CP индекстерінің бастапқы мәні 100,00 тармақ деңгейінде, KASE_KZ3_TR және KASE_US3_TR индекстерінің бастапқы мәні жинақталған купондық сыйақының орташа мәнін (пайызбен) қоса отырып, 100,00 тармақ деңгейінде тіркелген.
Индекстердің мәндері жұмыс күндері Астана қаласы уақытының 17:30-да күніне бір рет есептеледі және KASE интернет-ресурсында "Индекстер-Қор нарығы-Корпоративтік облигациялар" бөлімінде жарияланады – толығырақ
"Қор нарығының индекстері мен индикаторларын есептеу әдістемесі" атты KASE ішкі құжатына тиісті түзетулер енгізілді, олар 2026 жылдың 01 сәуірінен бастап қолданысқа енгізіледі.
[2026-03-31]