KZ
9 қаңтар 2026, 13:41
Қазақша
Ақпарат/
Нарықтар мен компаниялардың жаңалықтары
06.01.2026 18:00 #KASE жаңалықтары

KASE ШОБ үшін "KASE SME Qadam Bonds" бағдарламасының іске қосылғанын хабарлайды

/KASE, 06.01.26/ – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан қор биржасында (KASE) экономиканың нақты секторларында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің облигацияларын шығаруға бағытталған KASE SME Qadam Bonds бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарлама ШОБ компанияларына кепілсіз нарықтық қаржыландыру тартуға және қор нарығына шыққан кезде шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Облигациялар KASE ресми тізімінің "Жеке орналастыру" алаңында жеңілдетілген шарттармен орналастырылады, бұл бизнес үшін процесті оңайлатып, қаржыландыруға қолжетімділікті барынша айқын етеді.

Бағдарламаның қолданылу мерзімі – үш жыл. Қатысу үшін міндетті шарт – бағалы қағаздар эмиссиясын дайындау кезеңінде қаржылық консультантты тарту.

"KASE SME Qadam Bonds бағдарламасының мақсаты – бизнестің кепілсіз нарықтық қаржыландыру алу мүмкіндіктерін кеңейту және корпоративтік транспаренттілікке бағдарланған жария эмитенттердің жаңа класын қалыптастыруға алғашқы қадам жасау", – деп атап өтті KASE Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Ысқақова.

"Жеке орналастыру" алаңын таңдау қысқартылған клиенттік жолмен және аудит жүргізілген есептілікке қойылатын неғұрлым икемді талаптармен байланысты, бұл инвесторлардың мүддесіне нұқсан келтірмей, бизнестің шығынын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Бағдарлама ШОБ үшін "биржалық лифт" қызметін атқарып, компаниялардың капитал нарығына кезең-кезеңмен қол жеткізу тетігі болып табылады және кейін инвестиция тартудың неғұрлым күрделі құралдарына өту мүмкіндігін көздейді. Бұл тәсілді "Бағалы қағаздар нарығы туралы" жаңа заңды әзірлеу барысында қолдану жоспарланған.

[2026-01-06]