SPO шеңберінде "Қазақстан Халық Банкі" АҚ KZ000A0LE0S4 (HSBK) жай акцияларының Қазақстан қор биржасында жария ұсынысының нәтижелері
/KASE, 26.11.25/ – Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылдың 19-21 қараша аралығында Қазақстан қор биржасының (KASE) сауда-саттық жүйесінде "Қазақстан Халық Банкі" АҚ KZ000A0LE0S4 (KASE негізгі алаңы, "премиум" санаты, HSBK) жай акцияларының жария ұсынысы өткізілді.
"Halyk Finance" АҚ бірлескен жаһандық үйлестіруші және букраннер рөлін атқарды және KASE-де жай акциялар ұсынуды ұйымдастырды.
KASE және "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ тарапынан өтінімдерді қабылдау және тізілімді тексеру кезеңі аяқталғаннан кейін, сондай-ақ KASE мүшелерімен салыстыра отырып, жиынтық көлемі 37,4 млрд теңге болатын 6 257 өтінім белсенді деп танылды. Бұл ретте жеке тұлғалардан түскен белсенді өтінімдер саны 5,3 млрд теңге сомасында (қабылданған өтінімдер көлемінің 14,1 %-ы) 6 241 өтінімді құрады, олар ұстаушылардың 399 қосалқы шотынан және омнибус шоты арқылы есепке алынатын 4 821 дербес шоттан берілді.
Институционалдық инвесторлар тарапынан сұраныс 27,1 млрд теңгені (қабылданған өтінімдер көлемінің 72,5 %-ы), брокерлік-дилерлік ұйымдардан – 5,0 млрд теңгені (қабылданған өтінімдер көлемінің 13,4 %-ы) және басқа заңды тұлғалардан – 1,9 млн теңгені (қабылданған өтінімдер көлемінің 0,1 %-нан азы) құрады. Орналастыруға KASE қор нарығының барлығы 11 мүшесі қатысты.
Жария ұсыныс нәтижелері бойынша KASE-де бір акция үшін 298,66 теңге бағамен 121 800 000 акцияны сатып алуға 5 291 өтінім қанағаттандырылды. KASE-ге қанағаттандырылған өтінімдердің жиынтық көлемі 36,4 млрд теңгені (70,0 млн АҚШ долларына баламасы) құрады.
Жеке тұлғалардың шоттарына орналастыру нәтижелері бойынша 5,2 млрд теңге (KASE-де орналастыру көлемінің 14,2 %-ы) сомасына қағаздар түсті, брокерлік-дилерлік ұйымдар берген қанағаттандырылған өтінімдер көлемі 4,7 млрд теңгені (орналастыру көлемінің 12,9 %-ы), басқа институционалдық инвесторлар – 26,5 млрд теңгені (орналастыру көлемінің 72,8 %-ы) құрады басқа заңды тұлғалар – 1,9 млн теңге (орналастыру көлемінің 0,1 %-нан аз) тиесілі болды.
"Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ деректеріне сәйкес аталған акцияларды KASE-ге жария түрде ұсыну нәтижелері бойынша барлық мәмілелер осы ақпарат жарияланған кезде есеп айырысқан.
[2025-11-26]