KASE, KACC және ADX бірлесіп Tabadul Hub-қа қосылу туралы келісімге қол қойды

09.08.24 12:50
/KASE, 09.08.24/ – Қазақстан қор биржасы (KASE), KASE Клиринг орталығы (KACC) және Abu Dhabi Securities Exchange (ADX) Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылу туралы келісімге қол қойды. KASE тарапынан келісімге қол қоюға KASE Басқармасының Төрайымы Алина Алдамберген және KACC Басқарма Төрағасының орынбасары Идель Сәбитов қатысты. ADX тарапынан келісімге қол қоюға СЕО Абдулла Альнуайми (Abdulla Alnuaimi) қатысты. Іс-шараға БАӘ қор нарығының және Tabadul Hub өкілдері шақырылды. KASE-нің ADX-пен серіктестігі жаһандық инвесторлар үшін қазақстандық қаржы құралдарына қолжетімділікті арттырады және Tabadul Hub арқылы халықаралық нарықтарда шетелдік бағалы қағаздармен сауда-саттық жасау үшін қазақстандық инвесторлар алдында жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл нарықтың барлық қатысушылары үшін өтімділікті арттыруға және инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған маңызды оқиға. ADX 2022 жылдың шілдесінде Tabadul цифрлық биржалық хабын іске қосты. Tabadul биржалар, реттеушілер, брокерлік фирмалар мен инвесторлар үшін орталық ретінде қызмет етеді және халықаралық нарықтардағы саудаға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Платформа дәстүрлі бағалы қағаздармен электрондық сауданы қамтамасыз етеді, онда 1 миллионнан астам инвестор тіркелген. Tabadul банк, қаржы, энергетика және телекоммуникация секторларын қоса алғанда, көптеген секторларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. [2024-08-09]