"Самұрық-Энерго" АҚ 2020 жылдың 11 айын қорытындылады

20.12.20 15:27
/KASE, 20.12.20/ – Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған, "Самұрық-Энерго" АҚ (Нұр-Сұлтан) 2020 жылдың 20 желтоқсанында Биржаға жолдаған баспасөз мәлімдемесінде былай деп хабарлады: цитатаның басы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның энергетикалық кәсіпорындары өздерінің кәсіби мерекесіне орай жылдық жоспарларын мерзімінен бұрын орындап шықты: Екібастұз ГРЭС-2 4,7 млн. кВтс электр энергиясын өндірді, бұл жоспардың 107%-ін құрайды, Мойнақ СЭС-і – 915 мың кВтсағаттан астам электр энергиясын өндірді (104%). «Богатырь Көмір» ЖШС-ның кеніштерінде өндірілген көмірдің көлемі 41,8 млн. тоннаны құрады (жылдық жоспардың 104%). Тұтас алғанда, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның энергия өндіретін ұйымдары көрсеткіштердің былтырғы жылмен салыстырғандағы өсу қарқынын сақтай отырып, 2020 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша 29 897 млн кВтс электр энергиясын өндірді (103%), яғни былтырғы жылғы осындай кезеңнен 3% көп. Бұл Қазақстан Республикасында жалпы өндірілген энергия көлемінің 28%-іне жуықтайды. Аяқталар жылы компания Қазақстан энергетикасының іс жүзінде болашақ келбетін қалыптастыратын түбегейлі әрі маңызды жобалардың кейбірін аяқтап, жаңаларын қолға алды. 2020 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-ін толық модернизациялау бағдарламасын да аяқтады. Жобаға 38 млрд теңге инвестиция салынды. Қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында СЭС-тің қызмет ету мерзімі 45- 50 жылға дейін ұзарып, энергия өндіру жылына 480-нен 537 млн кВт*сағатқа дейін ұлғайды. «Самұрық-Энерго» АҚ екі жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысын бастады. Біріншісі – қуаттылығы 60 МВт, ал болашақта 300 МВт-қа жететін Шелек дәлізінде. Екінші ЖЭС Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан. Станцияның аумағында 11 жел энергетикалық құрылғыларын орнату жоспарланып отыр, олардың жиынтық қуаты 50 МВт болады. Жаңа ЖЭС-тер өндіретін электр энергиясы еліміздің Ұлттық электр желілеріне түсіп отырады. цитатаның соңы Баспасөз мәлімдемесінің толық нұсқасы орналастырылды: - https://kase.kz/files/emitters/SNRG/snrg_reliz_201220_kz.pdf – қазақ тілінде; - https://kase.kz/files/emitters/SNRG/snrg_reliz_201220.pdf – орыс тілінде. [2020-12-20]