"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы АҚ 2020 жылғы тоғыз айдағы қаржылық нәтижелері туралы хабарлады

26.11.20 14:48
/KASE, 26.11.20/ – Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған, "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы АҚ (Нұр- Сұлтан), Қазақстан қор биржасына 2020 жылдың 25 қарашасындағы баспасөз хабарламасын ұсынды: цитата басы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «ҚМГ», «Компания»), Қазақстанның тігінен интеграцияланған мұнай-газ компаниясы, тәуелсіз аудитордың аралық қаржылық ақпаратты ауқымды тексеру нәтижелері жөніндегі есеппен бірге «Аралық қаржылық есептілік» 34-ші халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес әзірленген 2020 жылғы тоғыз айдағы аралық қысқартылған шоғырландырылған қаржылық есептілігін жариялады. 2020 жылғы тоғыз айдағы негізгі қаржылық көрсеткіштер[1]: 2020 жылғы тоғыз айдағы түсім 3 334 млрд теңгені (8 147 млн АҚШ доллары) құрап, 2019 жылдың осындай кезеңдегі көрсеткіштен 35,0%-ға кеміді; EBITDA[2] көрсеткіші өткен жылдың осындай кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 43,2%-ға төмендеп, 851 млрд теңгені (2 081 млн АҚШ доллары) құрады; Компанияның есепті кезеңдегі таза пайдасы 2019 жылдың тоғыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 82,8%-ға азайып, 136 млрд теңге (333 млн АҚШ доллары) болды. Бас компанияның акционерлеріне тиесілі кезең ішіндегі пайда 223 млрд теңгені (545 млн АҚШ доллары) құрады. Бос ақша ағыны[3] 146 млрд теңгені (357 млн АҚШ доллары) құрады; 2020 жылғы 30 қыркүйектегі Компанияның таза қарызы[4] 6 217 млн АҚШ долларын құрап, 2019 жылдың соңындағы 6 171 млн АҚШ доллары деңгейіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 0,7%-ға артып отыр; 2020 жылғы 30 қыркүйектегі компанияның жалпы қарызы 2019 жылдың 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға азайып, 9 867 млн АҚШ долларын құрады. цитата соңы Баспасөз хабарламасының толық нұсқасы KASE интернет-сайтында – https://kase.kz/files/emitters/KMGZ/kmgz_reliz_251120_1.pdf жарияланды. [2020-11-26]