"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ (Қазақстан) теңіз терминалы арқылы түсірілетін мұнай көлемінің 10 млн тоннаға дейін ұлғайғаны туралы хабарлады

13.06.12 11:09
/KASE, 13.06.12/ – Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE немесе Биржа) ресми тізімінде тұрған "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ (Астана), Биржаға 2012 жылдың 12 маусымындағы баспасөз-хабарламасын жолдап, былай деп хабарлады: цитата басы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ құрылысына 150 миллион доллардан астам қаржы құйған Мидия теңіз терминалы арқылы қабылданған мұнай көлемі 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 10 миллион тоннаға жетті. Осы мұнайдың барлығы түсірілгеннен кейін "Петромидия" мұнай өңдеу заводында айырылады. Айта кетер бір жайт, бұл - Қара теңізде салынған ең бірінші теңіз терминалы. "Терминал мен завод арасында тікелей байланыс орнатылғаннан кейін мұнай әкелу процесін оңтайландыруға және шикізатты түсіруге байланысты болатын шығындарды барынша азайтуға қол жеткіздік",- дейді Мидия теңіз терминалы бас директоры Иоан Таус.- "Терминалдың жоғары өткізу қуаттылығы - жылына 24 миллион тонна. Осы көлем румындық мұнай айыру заводтарының қажеттілігін толық өтейді". Заводтан шамамен 8,6 шақырым жердегі мұнай терминалы сыйымдылығы 160 мың тонналық кемелерді қабылдай алады. Шикізатты түсіріп алу жұмыстары "Петромидия" мұнай өңдеу заводында орналасқан жинақтау цистернасымен жалғанған су асты құбыры арқылы жүзеге асырылады. Бұл шикізаттың ешқандай ысырап болмауын қамтамасыз етеді. Констанц порты арқылы бұрынғы тасымал маршрутына қарағанда аталмыш терминал мұнай тасымалдауды 33 шақырымға қысқартып отыр. Осының арқасында компания заводқа жеткізілген мұнайдың әр тоннасынан 5 долларға дейін үнемдеуде. Rompetrol Group мұнай өңдеу заводтары 2001 жылдан бастап 27 миллион тонна шикізатты өңдеп шығарды. Үстіміздегі жылы олардың алдында тұрған міндет – заводтардың өңдеу қуаттылығын жылына 5 миллион тоннаға арттыру жөніндегі бағдарламаны аяқтау. The Rompetrol Group - 2007 жылдан бері "ҚазМұнайГаз" компаниялары тобында. Ол - Румыния, Франция, Испанияны қоса есептегенде, Оңтүстік- Шығыс Европаның 12 елінде қызмет көрсететін халықаралық мұнай компаниясы болып табылады. Қызметінің негізгі бағыттары - мұнай өңдеу, маркетинг және сауда, сонымен қатар барлау, өндіру және өндіріс жөніндегі қосымша операциялар. цитата соңы