АНОНС: мамыр айының екінші жартысында KASE Алматыда "Қазақстан қор нарығының ашық есік күнін" өткізеді

27.04.12 17:39
/KASE, 27.04.12/ – Қазақстан қор биржасы (KASE) мамыр айының екінші жартысында Алматыда "Қазақстан қор нарығының ашық есік күні" атты бір күндік шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұл потенциалды және қазіргі уақыттағы бөлшек инвесторлар үшін Қазақстан қор нарығы тақырыбында ұйымдастырылған блиц-семинарлар болып табылады. Биржадан басқа шараны ұйымдастыруға "АСЫЛ-ИНВЕСТ" АҚ, "NOMAD FINANCE" АҚ, "Алматы қаласы өңірлік қаржылық орталығының академиясы" АҚ және "Еуразиялық сауда-саттық жүйесі" тауарлық биржасы" АҚ (ЕСЖ) белсенді түрде қатысады. Шара аясында қор нарығының кәсіпқой қатысугшылары лекциялар оқып, презентациялар жасайды. Мұнда келесі тақырыптар талқыланады: –Қазақстандағы қаржылық құралдар және биржалық сауда-саттық; –KASE мерзімді нарығы және ЕСЖ; –қор нарығындағы тенденциялар мен тәуекелдер; –"халықтық IPO"; –қор нарығындағы білім беру мүмкіндіктері. Оған қоса, блиц-семинарлар аясында кәсіпқой қатысушылар келушілерге өздерінің сауда-саттық терминалдарының қызметтері мен мүмкіндіктерін көрсетпекші, ал "Алматы қаласы өңірлік қаржылық орталығының академиясы" АҚ білім беру бағдарламалары туралы баяндау барысында, өзінің қызметтеріне жеңілдіктер ұсынады. KASE жеке тұлғалардан Қазақстан қор нарығының ашық есік күніне қатысуы үшін қандай да бір төлем алуды және олардың санын шектеуді жоспарламайды. Дегенмен, шараға қатысу үшін алдын ала тіркелу міндетті талап. Тіркеу мамыр айының басында биржаның сайтында ашылады, және тіркеуді шараны ұйымдастыруға бірлескендер жүзеге асырады. Тіркелудің басталғаны туралы биржа қосымша хабарлайтын болады. Қазақстан қор нарығының ашық есік күні туралы толығырақ ақпарат жақын арада KASE сайтында және биржаның жаңалықтарында жарияланады. Демеушілік және презентацияларға қатысуға қатысты мәселелер бойынша биржаның Маркетинг бөліміне 2012 жылдың 30 сәуіріне дейін + 7 (727) 237 60 10 телефондары арқылы хабарласуға болады.