"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ (Қазақстан) Атырау МӨЗ Мұнайды ауқымды өңдеу кешені құрылысын жүргізу келісім-шартына қол қойғаны туралы хабарлады

30.12.11 12:07
/KASE, 30.12.11/ – Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ (Астана), биржаға 2011 жылдың 29 желтоқсанындағы баспасөз-хабарламасын жолдап, былай деп хабарлады: цитата басы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ 2011 жылдың 29 желтоқсан күні Атырау қаласында Мұнайды ауқымды өңдеу кешені құрылысының "түбегейлі тапсыру" Шартына салтанатты түрде қол қойылды деп хабарлайды. Шараға "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы жобалары жөніндегі бас менеджері Ғалымжан Амантурлин, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры /әрі қарай АМӨЗ/ Талғат Байтазиев, сонымен бірге жобаның жүзеге асуына жауапты Консорциум мүшелері қатысты. Мұнайды ауқымды өңдеу кешенінің құрылысы мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге аспақ және АМӨЗ-ын жаңғыртудағы соңғы кезең боп саналады. Бұл мұнай өңдеу тереңдігін 85 пайызға дейін жеткізуге, Еуро-5 деңгейіне сәйкес келетін мотор отындарын шығаруға мүмкіндік береді. Кешен жылына 2,4 миллион тонна шикізат (қарамай, вакуумды газойль) өңдеуге есептелген. - "Бұл "ҚазМұнайГаз" компаниясының МҮИИДБ аясында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобаларының бірі.Оны жүзеге асыру белгіленген мерзімге сай жүріп жатыр. Қазақстандық мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғырту ішкі нарықты сапалы отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта автокөлік иелері күні бүгінгі жанар-жағар майға қатысты мәселерден түбегейлі арылатын болады»,- деді өз сөзінде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы жобалары жөніндегі бас менеджері Ғалымжан Амантурлин. Құрамына "Sinopec Engineering", "Marubeni Corporation" компаниялары және "КазСтройСервис" ҰМҚК АҚ кірген Консорциум 2011 жылдың қазанында құрылған. "Sinopec Engineering" (ҚХР) компаниясы жобаның жалпы жүзеге асу барысын мойнына алады. "Marubeni Corporation" (Жапония) компаниясы жапондық халықаралық серіктестіктен қаржыландыруды ұйымдастырады және соған қатысты қызмет түрлерімен айналысады,сатып алу, логистика саласына да қатыстары бар. "КазСтройСервис" ҰМҚК АҚ (Қазақстан Республикасы) құрылысқа және жабдықтау мәселесіне жауапты. - Қайта жаңғырту өндірістің жұмыс жағдайында жүзеге асырылуда. Бұл әрине қиындықтар тудыратыны рас, бірақ мен 2016 жылы Еуро-5 деңгейіне сәйкес мотор отынын шығаратын тұңғыш кәсіпорын болатынымызға сенімдімін, - деді зауыт басшысы Талғат Байтазиев. Жобаның құны - шамамен 1,7 миллиард АҚШ долларына тең. Жүзеге асу мерзімі – 41 ай. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы Мұнайды ауқымды өңдеу кешені құрылысының жобасының маңыздылығы оның зауыт өнімінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру, бағалы мұнай шикізатын тиімді пайдалану және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға негізделгендігімен түсіндіріледі. цитата соңы