"ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ЖИНАҚ БАНКІ" АҚ 2010 ЖЫЛҒЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ НӘТИЖЕЛЕРІН ЖАРИЯЛАДЫ

16.03.11 17:02
/KASE, 16.03.11/ – Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған "Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ (Алматы) 2011 жылдың 16 наурызындағы баспасөз-хабарламасын биржаға ұсынып, былай деп хабарлады: цитата басы "Қазақстан Халық Банкі" АҚ мен оның "Halyk Group" қаржылық тобына кіретін еншілес ұйымдары (бұдан әрі – "Банк") 2010 жылдың нәтижесі бойынша 36,2 млрд. теңге мөлшерінде таза пайда алды. Еліміздің банк секторындағы Банктің тапқан таза пайдасының үлесі 58,1 пайызды құрады*. 2009 қаржылық жылмен салыстырғанда, Банктің біріктірілген активтерінің көлемі 3,7 пайызға артып, 2 098 млрд. теңгені құрады, оның ішінде өтімді активтердің ауқымы 14,6 пайызға дейін ұлғайтылып, 767,9 млрд теңгеге жетті. Транзакциялық банкингтен түскен комиссиялық табыс көлемі 25,1 млрд. теңгені құрады. - Халық Банкінің 2010 жылғы қаржылық нәтижелері Қазақстан экономикасында байқалған оң өзгерістерге сай келеді. Жылдық қорытынды бойынша қол жеткізілген негізгі жетістіктердің ішінде, әсіресе, таза табыстың өсімін, кредиттік портфель сапасының айтарлықтай жақсартылуын, мемлекеттік қаржының ішінара қайтарылуын және халықаралық рейтинг агенттіктерінің Банк рейтингін "тұрлаулы" деңгейге дейін өзгертуін атап өтуге болады,- деп атап өтті Банк Басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметова өз сөзінде. Халық Банкі еліміздің қаржы нарығында бұрынғысынша жеке тұлғалардың депозиттері (21,6 %) мен ағымдағы шоттары (34,7 %) бойынша ауқымды үлесті иемденіп отыр, мұның өзі клиенттердің, жалпы халықтың Банкке артатын жоғары сенімінің көрінісі болса керек. Банк жалақылық жобалар саласы бойынша жыл бойы белсенді жұмыс жүргізді, осының нәтижесінде Банк қызметін пайдаланушы клиенттер саны 3,3 пайызға өсіп, 2,1 млн-ға жетті. Сондай-ақ қашықтықтан өнім сату арналарын дамыту біршама жандандырылып, Интернет банкинг пен мобильдік банкинг арқылы ұсынылатын өнімдер ауқымы барынша кеңейтілді. Ең бастысы, 2010 жылы Банк кредит портфелінің сапасын жақсарту бағытында айтарлықтай жұмыс жүргізді, нәтижесінде Банктегі төлем уақыты 30 күннен асатын мерзімге кешіктірілген, "жұмыс істемей тұрған" заемдардың үлесі 2009 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 19 пайызды құраған болса, 2010 жылдың 31 желтоқсанында 18 пайызға төмендетілді. Банк қаржылық дағдарысқа қарсы үкіметтік шара ретінде қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға баса көңіл бөледі. "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысындағы "Экспортқа бағдарланған өндіріске қолдау жасау" жобасы шеңберінде қарастырылған және мақұлданған өтінімдер саны бойынша Халық Банкі жетекші орынды иеленіп отыр. Негізінен үш бағытта, атап айтқанда, жаңа бизнестік бастамаларға қолдау жасау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, экспортқа бағдарланған өндіріскке қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылатын "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасы бойынша 31.12.2010 ж. жағдайға сәйкес Халық Банкіне жалпы сомасы 68 млрд. 613 млн. теңгені құрайтын 117 өтінім келіп түсті. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша жалпы сомасы 7 785 млн. теңгені құрайтын 37 жобалық өтінім, екінші бағыт бойынша - жалпы сомасы 46 402 млн. теңгені құрайтын 67 өтінім, ал үшінші бағыт бойынша - жалпы сомасы 14 424 млн. теңгені құрайтын 13 өтінім қарастыру үшін қабылданды. Банк тарапынан жалпы сомасы 61 119 млн. теңгені құрайтын 97 жобалық өтінім мақұлданды, ал жалпы сомасы 21 934 млн. теңгені құрайтын 50 өтінім Экономикалық даму және сауда министрлігі тарапынан мақұлданды. * БТА, Альянс-Банк, Темір-Банк және табыс көрсеткіші теріс мәнді болған банктерден басқасы цитата соңы Осы баспасөз-хабарламасының толық нұсқасымен KASE веб-сайтында http://www.kase.kz/files/emitters/HSBK/hsbk_reliz_160311.pdf мекен-жайы бойынша танысуға болады.