"Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ $500 млн сомасына өзінің еурооблигацияларын орналастыру нәтижелері туралы хабарлады

27.01.11 15:08
/KASE, 27.01.11/ – Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) тізімінде тұрған, "Қазақстан халық жинақ банкі" АҚ (Алматы) Биржаға 2011 жылдың 27 қаңтарындағы баспасөз-хабарламасын ұсынып, былай деп хабарлады. Халық Банкі қазақстандық коммерциялық банктер арасында алғашқылардың бірі болып халықаралық капитал нарығын сәтті игере бастады - еліміздің бүкіл банк секторы үшін жаңа бағдар (бенчмарк) белгілеуге қол жеткізді. ТМД елдері ішінде Қазақстан Халық Банкі мұндай шығарылымды 2011 жылы жүзеге асырған бірінші банк болып табылады. Жаһандық қаржылық дағдарыстан бергі кезеңде, 2011 жылдың қаңтарында, Халық Банкі 500 млн. АҚШ доллары сомасына 10 жылдық өтеу мерзімімен еврооблигациялар шығарып, қазақстандық қаржылық мекемелер үшін халықаралық нарықтың ашылуына қол жеткізді. Аталған еврооблигациялар бойынша купондық сыйақының жылдық мөлшері 7,25% деңгейінде, инвесторлар үшін табыстылық мөлшерлеменің жылдығы - 7,5%, орналастыру бағасы - 98,263 % болды. Мұндай шығарылым мерзімі мен купондық сыйақы мөлшеріне қазақстандық коммерциялық банктер бұрын-соңды қол жеткізе алмаған. Халық Банкінің еврооблигациялар шығару бойынша лид-менеджерлері мен ұйымдастырушылары Ситибанк (Citi), Дойче Банк (Deutsche Bank) және Halyk Finance болып табылады. Банктің еврооблигациялық шығарылымы инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Айтарлықтай ауқымды көлемде өткізілген роуд-шоу барысында 70-тен астам халықаралық және қазақстандық инвесторлармен кездесу жүргізілді, жалпы өтінімдер кітабының көлемі 2,3 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Инвесторлардан түскен өтінімдер мөлшерінің басым көпшілігі АҚШ үлесіне тиеді (51%), Ұлыбританиялық инвесторлар берген өтінім көлемі - 28 %, Еуропа елдерінің үлесі -14 % және Қазақстан инвесторларының үлесі 7% болды. Жалпы қанағаттандырылған өтінімдер көлемінің 83 %-ы портфельдік менеджерлер еншісіне тиеді, 7 %-ы - зейнетақы қорларының, орталық банктер мен сақтандыру компанияларының үлесінде, 6%-ы - банктерге және 4 %-ы - хеджерлік қорларға тиесілі. Бұл шығарылымды осылай сәтті орналастырудың басты алғышарттары - 2010 жылдың 9 айы ішінде қол жеткізілген табысты қаржылық көрсеткіштер, Банктің өтімділік ұстанымының мықтылығы, кредит портфелі сапасының тұрақтандырылуы әрі Халық банкінің болжамдық рейтингінің «орнықты» деген деңгейге өзгертілуі, еліміздегі жалпы экономикалық және қаржылық жағдайдың барынша жақсартылуы, сондай-ақ жақында Қазақстанның тәуелсіздік рейтингінің өсуі болды. - Шығарылымды орналастыру нәтижесі бізді қуантады, Банкке сенім білдірген инвесторлардың барлығына шынайы алғыс білдіреміз, - деді осы оқиғаға орай сөзінде Халық Банкінің Басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова. - Мұндай орналастырудың басты көрсеткіштік мақсаты - еврооблигациялардың өтеу мерзімінің 10 жылға ұзартылуына және қаржыландыру көзін сараландыру мүмкіндігіне қол жеткізу болды. Қазіргі уақытта Халық банкі еврооблигацияларының сатылу деңгейі, табыстылығы жағынан алғанда, кредиттік рейтингі ұқсас эмитенттермен салыстырғанда, біршама жоғары. Басқаша айтқанда, халықаралық капитал рыногы Халық Банкінің рейтингіне қарағанда, кредиттік қабілетін (кредит беру мүмкіндігін) айтарлықтай жоғары бағалап отыр. Банктің бұған дейінгі еврооблигациялық шығарылымы 2008 жылдың мамыр айында дәл осындай сомаға - 500 млн. АҚШ долларына, 5,5 жыл мерзіммен жүзеге асырылған болатын және бұл әлемдік қаржылық дағдарыс кезеңі алдындағы қазақстандық коммерциялық банктер арасынан жүргізілген соңғы еврооблигациялар шығарылымы болатын. Халық Банкі халықаралық инвесторлар тарапынан өзіне деген бейілділік көзқарасты сақтап қала алды. Бұған дәлел ретінде соңғы жүргізілген евробондтық шығарылымды орналастыруға бұрынғы инвесторлардың да қатысуын айтуға болады. Халық Банкінің халықаралық қаржы рыногына қайта оралуы Банктің қазіргі қолда бар облигацияларының өтімділігін арттырып қана қоймай, бұған дейін біздің елімізге инвестиция салмаған жаңа инвесторларды тартуға да ықпал етті. Мұндай орналастыру арқылы қазақстандық коммерциялық банктер үшін шетелдік қаржы нарығын қайта ашуға қол жеткізілді, сонымен қатар халықаралық ірі инвесторлардың Қазақстандағы нарықтық айқындамасы мықты және даму стратегиясы дұрыс таңдалған жетекші қаржылық коммерциялық құрылымдарға өз қаржысын салуға әзір екендігін көрсетті. Бүгінгі күні Халық Банкінің еврооблигациялар портфелінің құрамы мынадай: 800 млн. АҚШ доллары сомасындағы қаржы 3 жыл мерзімнен кейін өтелуге тиіс, 700 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі қаржы - 6 жылдан кейін және тиісінше 500 млн. АҚШ долларын құрайтын сома - 10 жылдан кейін өтеледі. Еврооблигациялар шығарылымының түпкілікті көрсеткіштері туралы мәлімет Лондондағы және Қазақстандық қор биржасының сайттарында орналастырылған (www.kase.kz, www.londonstockexchange.com ). «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Баспасөз қызметі тел. +7 727 2 590 816, www.halykbank.kz