Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне мемлекеттік емес бағалы қағаздар шығарылымы және айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хабарлайды

11.07.23 14:38
/KASE, 11.07.23/ – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қор биржасына (KASE) мынадай мазмұндағы ақпараттық хабар ұсынды: дәйексөздің басы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) 2023 жылғы 7 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Агенттік Басқармасының № 53 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады. Қаулы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 12 шiлдедегi Заңын іске асыру мақсатында қабылданды. Қаулы мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын, жарияланған акцияларды және инвестициялық пай қорының пайларын тіркеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерге мынадай түзетулер енгізуді көздейді: - бағалы қағаздар шығарылымын тіркеуге, сондай-ақ бағалы қағаздар шығарылымының шарттарына электрондық нысанда ғана өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге байланысты мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі белгіленеді; - өтеу мерзімінсіз мемлекеттік емес облигациялар шығарылымының ерекшеліктері айқындалады; - уәкілетті органға қағаз тасымалдағыштағы құжаттарды ұсыну бойынша талаптар алып тасталады және мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша реттеушілік талаптар жеңілдетіледі; - уәкілетті органның қаржылық есептілік депозитарийінің интернет- ресурсында жеке ақпаратты жариялау жөніндегі міндеттері белгіленеді; - "мемлекеттік қызмет стандарты" ұғымы "мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі" ұғымына ауыстырылады. Қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, 22.06.2023ж. қолданысқа енгізіледі. Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-порталынан және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінен танысуға болады. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеу процесіне енгізілетін маңызды өзгерістерді атап өту қажет. Бұл өзгерістер бағалы қағаздарды шығарудан бастап күшін жойғанға дейін олардың қолданыс циклымен байланысты барлық қызметті автоматтандыруға бағытталған. Автоматтандырылған жүйені енгізудің негізгі мақсаты мемлекеттік емес бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеу процесінің тиімділігін, сенімділігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету болып табылады. Агенттік "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ-пен (бұдан әрі – БҚОД) бірлесіп, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап БҚОД-ның https://sso.kacd.kz/ порталын жұмысқа енгізіп жатыр, сол арқылы: - акциялар, облигациялар шығарылымдарын және инвестициялық пай қоры пайларын мемлекеттік тіркеуді; - акциялар, облигациялар шығарылымдарын және инвестициялық пай қоры пайларының талаптарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді; - акцияларды орналастыру, оларды айырбастау және бөлшектеу туралы есептерді бекітуді; - бағалы қағаздар шығарылымдарының күшін жоюды қоса алғанда уәкілетті органның мемлекеттік қызметтеріне қашықтан қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Бағалы қағаздардың электрондық проспектісін қалыптастыру опциясы мен құжаттардың электрондық көшірмелері қосымшасын қоса алғанда, электрондық өтініштерді автоматты қалыптастыру ұсынылады. Дайындалған құжаттар топтамасы эмитенттің жеке кабинетінде сақталады. дәйексөздің соңы [2023-07-11]