"Альянс Банк" АҚ 2014 жылдың 30 желтоқсанында акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы өтеді

28.11.14 17:13
/KASE, 28.11.14/ – Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған "Альянс Банк" АҚ (Алматы), биржаға (KASE), төмендегі хабарламаны ұсынды: цитата басы Құрметті "Альянс Банк" АҚ (бұдан әрі – "Банк") акционерлері! Банк (Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 050004, Алматы қ., Фурманов к-сі, 50) өз акционерлеріне Банк Директорлар кеңесінің бастамасымен Банк акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы (бұдан әрі – "Жиналыс") өткізілетіндігі туралы хабарлайды. Жиналыс 2014 жылғы 30 желтоқсанда Алматы уақытымен сағат 11.00-ден бастап келесі мекенжайда өткізіледі: Қазақстан Республикасы, 050004, Алматы қ., Фурманов к-сі, 50, 3-қабат, № 1 мәжіліс-залы. Жиналысқа қатысушыларды тіркеу 2014 жылғы 30 желтоқсанда Алматы уақытымен сағат 10.00-ден бастап жүргізіледі. Жиналысқа қатысуға құқы бар Банк акционерлерінің тізімі 2014 жылдың 24 желтоқсанындағы Алматы уақытымен сағат 00.00-гі жағдайы бойынша жасалады. Жиналыстың күн тәртібі: "ForteBank" АҚ-ның Банкке қосылуы түріндегі қайта құрылу шегінде барлық мүліктерді, құқықтарды және міндеттерді "ForteBank" АҚ-дан Банкке беру актісін бекіту туралы. "Темiрбанк" АҚ-ның Банкке қосылуы түріндегі қайта құрылу шегінде барлық мүліктерді, құқықтарды және міндеттерді "Темiрбанк" АҚ-дан Банкке беру актісін бекіту туралы. Банк атауын өзгерту туралы. Жаңа редакциядағы Банк Жарғысын бекіту туралы. Корпоративтік басқару кодексін бекіту туралы. Директорлар кеңесі туралы ережені бекіту туралы. Банктің Директорлар кеңесінің жаңа құрамын сайлау, сандық құрамын, өкілдік мерзімін белгілеу, оның мүшелерін сайлау, Банктің Директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақы мөлшерін белгілеу туралы. Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңының 17 бабының 5 тармағына сәйкес "оффшорлық аймақтарда тіркелген, тізбесін уәкiлеттi орган белгілейтін заңды тұлғалар (Қазақстан Республикасы қаржы нарығын мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің 2009 жылғы 29 сәуірдегі № 04-01-14/1615 хатын қараңыз) Қазақстан Республикасының резидент банктерінің дауыс беретiн акцияларын тiкелей немесе жанама иелене және (немесе) пайдалана алмайды және (немесе) оларға билiк ете алмайды" Аталған баптың 5-1 тармағына сай "Акционерлердің жалпы жиналысына қатысатын акционер, егер оның өз акционерлерінің (қатысушылардың) тіркелген елі туралы ақпарат банкте жоқ болса, өтінішті табыс етеді, онда осындай акционерлердің (қатысушылардың) осы баптың 5-тармағы бірінші бөлігінің талаптарын орындағаны туралы көрсетеді". Осы тармақтың екінші абзацында "көрсетілген өтінішті табыс етпеген акционер акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға жіберілмейтіні көзделген". Осыған байланысты тіркеу кезінде Жиналысқа қатысушылар өздерінің Жиналысқа қатысу және Жиналыста қаралатын мәселелер бойынша дауыс беру құқығын растайтын құжаттарды берулері қажет. Банк акционерлері Жиналыс материалдарымен "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының заңында белгіленген мерзімде және тәртіппен мына мекен-жайда таныса алады: Алматы қ., 050004, Фурманов көш., 50. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Банктің артықшылықты акцияларын ұстаушылары Жиналыстың күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша дауыс беруге құқылы. Жиналысты өткізуге кворум болмаған жағдайда, Банктің акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы 2014 жылғы 31 желтоқсанда алматы уақытымен сағ. 11.00-ден бастап мына мекенжай бойынша қайтадан өткізіледі: Қазақстан Республикасы, 050004, Алматы қ., Фурманов көшесі, 50, 3-қабат, № 1 мәжіліс залы. Мұндай жиналысқа қатысушыларды тіркеу 2014 жылғы 31 желтоқсанда алматы уақытымен сағ. 10.00-ден бастап жүргізіледі. Анықтама телефоны: +7 727 258 40 40, ішкі тел. 52242. * * * Жиналыстың күн тәртібіндегі "Банк Директорлар кеңесінің жаңа құрамын сайлау, сандық құрамын, өкілдік мерзімін белгілеу, оның мүшелерін сайлау, Банк Директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақы мөлшерін белгілеу туралы" мәселеге сәйкес Банкке Директорлар кеңесінің мүшелігіне үміткерді ұсынуларыңызды сұраймыз. Қазақстан Республикасының "Акционерлік қоғамдар туралы" заңының 44- бабының 2-тармағына сәйкес, Банктің Директорлар кеңесінің мүшелігіне ұсынылатын кандидаттар туралы ақпаратта келесі мәліметтер болуы тиіс: 1) аты-жөні, сондай-ақ тілегі бойынша - әкесінің аты; 2) білімі туралы мәліметтер; 3) Банкке үлестестігі туралы мәліметтер; 4) соңғы үш жылдағы жұмыс орны және атқарған қызметі туралы мәліметтер; 5) кандидаттың біліктілігін, жұмыс тәжірибесін растайтын өзге де ақпарат. Банктің Директорлар кеңесінің құрамына сайлануға ұсынылатын (ұсыныс жасалатын) тұлға банктің басшы қызметкерлеріне қойылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, сондай-ақ Банк бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметін жүзеге асырған кезде – уәкілетті органның лицензиясы негізінде құнды қағаздар нарығында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың басшы қызметкерлеріне қойылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тиіс. цитата соңы [2014-11-28]