Биржаға ұлттық және шетелдік валютада банктік операциялар жүргізуге лицензия берілді

24.07.12, 12:04
/KASE, 24.07.12/ – Қазақстан қор биржасы (KASE немесе Биржа) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөніндегі комитеті Төрағасының 2012 жылдың 29 маусымындағы № 92 бұйрығымен Биржаға ұлттық және шетелдік валютада банктік операциялар жүргізуге 2012 жылдың 29 маусымындағы № 5.3.3. лицензиясы рәсімделді деп мәлімдейді. Осы лицензия келесідей банктік операцияларды жүргізуге құқық береді: - банктік операциялардың жеке түрлерін жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашу және жүргізу; - ақша аудару операциялары: жеке және заңды тұлғалардың төлем жасау және ақша аудару бойынша өкімдерін орындау; - заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу. Осы ретте биржа уәкілетті органға 2006 жылдың 20 ақпанындағы № 3 банктік операциялардың жеке түрлерін жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашу және жүргізуге және ақша аудару операцияларын: жеке және заңды тұлғалардың төлем жасау және ақша аудару бойынша өкімдерін орындауға лицензиясын қайтарды.